Ақмола облысында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды
Ақмола облысында жас дарындарды – халықаралық және республикалық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті. Іс-шара облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әмренованың қатысуымен «Bolashaq saraiy» сарайында ұйымдастырылды.
Бұл салтанат өңір өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларға облыстан 110 оқушы қатысып, олардың 57-сі жүлдегер атанды. Атап айтқанда, 25 күміс және 32 қола медаль жеңіп алды. Республикалық деңгейдегі жарыстарға 413 оқушы қатысып, 186 оқушы жоғары нәтижелерге қол жеткізді: 49 алтын, 45 күміс, 92 қола медаль және 44 мақтау қағазына ие болды. Облыстық кезеңде 2854 қатысушының арасынан 1061 оқушы жеңімпаз атанып, 212 алтын, 337 күміс, 512 қола медаль және 152 құрмет грамотасымен марапатталды.
Марапаттау рәсімінің негізгі мақсаты – жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту, Қазақстанның болашақ ғылыми элитасын қалыптастыру, сондай-ақ дарынды балаларды қолдау мен ынталандыру. Бұл туралы Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты жиынға республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарған 9–11 сыныптың 70 үздік оқушысы қатысты. Барлық қатысушыларға 60 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі номиналдағы естелік сертификаттар табысталды.
Шара барысында қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова аймақ басшысы Марат Ахметжановтың атынан шынайы алғысы мен ақжарма тілектерін жеткізді.
«Сіздер бүгінгі таңда халықаралық және республикалық олимпиадаларда өңіріміздің абыройын асқақтатып, білімдеріңізбен жарқын нәтижелерге жетіп отырсыздар. Білім – жаңа дәуірдің айнасы», – деді Алтынай Әмренова.
Жас зияткерлерге ерекше серпін берген – бұрынғы түлектердің шабытты сөздері болды. Атап айтқанда, облыстық аурухананың хирургі, «Дарын» лицейінің түлегі Жамбыл Қабдрашитов пен қазіргі таңда АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінде «Кванттық физика және кванттық материалдар» мамандығы бойынша PhD бағдарламасы бойынша білім алып жүрген «Білім-инновация» лицейінің түлегі Тағай Жеңісбек өз жетістік жолдарымен бөлісіп, оқушыларға алға ұмтылудан жалықпауға кеңес берді.
Марапаттау рәсімі – өңірдегі жас таланттардың еңбегін мойындаудың айқын көрінісі әрі адами капиталға салынған инвестицияның маңызын еске салатын мазмұнды шара болды.