Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы туралы
Наурыз мерекесінің мазмұнын байытып, жаңаша атап өту туралы тапсырмаңызды орындау мақсатында өткен жылдар тәжірибесіне ретроспективті талдау жасалды.
Тарихи тұрғыдан алғанда, Ұлы далада жаңа жылды тойлау 8-9 күнге жалғасып, оны «Наурызнама» деп атаған. Ғалым-философ О.Хайям өзінің «Наурызнама» атты еңбегінде шығыс күнтізбесі мен Наурызды тойлау рәсімдерін негіздеп, түсіндірген. Сондай-ақ, наурызнама туралы деректер М.Қашғари, М.Көпейұлы, А.Құнанбаев, М.Әуезовтің және басқалардың еңбегінде кездеседі
Кеңес дәуірінде халықтық мерекенің көптеген дәстүрі мен жөн-жоралғысы ұмытылды. 1988 жылы Наурыз қайта жанданғаннан кейін оның мазмұны мен форматы ішінара ғана қалпына келтірілді.
Дәстүрлі түрде Наурыз мерекесі жаппай халықтық мерекелер мен фольклорлық қойылымдар форматында өтеді. Мерекенің мән-мағынасы, көбінесе, киіз үй орнату, халықтық әдет-ғұрыптарды, ұлттық киімдерді, ұлттық тағамдарды және т.б. көрсету сияқты сахналық сипатқа ие.
Бұған дейінгі мейрамды мазмұндық тұрғыдан жаңғыртып, оның әлеуметтік маңызын арттыруға жасалған талпыныстар, өкінішке қарай, толыққанды оң нәтиже берген жоқ
Осыған орай, елдік тұрғыда жаңару мен жаңа құндылықтарды қалыптастыру ісінің аясында Наурызды бірлік, бауырластық пен ынтымақ мерекесі ретінде қарастыратын жаңа тұжырымдаманы ұсынамыз.
БІРІНШІ. Мейрамды мазмұндық тұрғыдан толықтай жаңғырту және оның халықты біріктіруші ролін арттыру үшін Наурыздың бірегей логотипін бекіту ұсынылады.
Жыл сайын әр өңір, сондай-ақ, түрлі мекемелер мазмұны, дизайны мен түр-түсі жағынан әртүрлі символдарды қолданып келді (бірыңғай логотип үлгілері қоса беріліп отыр).
ЕКІНШІ. Төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрін қалыптастырып, оның мазмұнын идеологиялық мәнмен байыту үшін жыл сайын 14 – 23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялап, оның әр күнін белгілі бір тақырыпқа арнау ұсынылады.
14 наурыз (бс.) – «Көрісу күні – Амал мерекесі».
«Көрісу» күнін мерекелеуге қатысты қазақстандықтарға арналған Сіздің былтырғы құттықтауыңызды жұртшылық жылы қабылдады және мерекені атап өтудің ауқымын айтарлықтай кеңейтті.
Бұл ретте, батыс өңірлерде «Көрісу» рәсімі жағымды мағынада екенін, ал оңтүстік аймақтарда бұл жақсылық түсінігімен қоса кісі қайтыс болғанда көңіл айту ғұрпымен де байланыстырылатын ескере отырып, қоғамдық айналымға неғұрлым қолайлы нұсқа – «Көрісу күні – Амал мерекесі» ұғымын енгізуге болады деп пайымдаймыз.
Дәстүр бойынша, бұл – туған-туыстарға, көршілерге, жасы үлкен кісілерге және т.б. сәлем беретін немесе қонақ күтетін уақыт.
Бұл күнді танымал етіп, оны қазақстандықтар санасында одан әрі бекіту үшін БАҚ пен әлеуметтік желілерде түрлі тақырыптық және әлеуметтік роликтер таратылады. Республика бойынша белгілі қазақстандықтардың аға буын өкілдерін арнайы құттықтап бару шаралары ұйымдастырылады.
Осы ретте, бұл күннің айрықша маңызын орнықтыру мақсатымен Сіздің Көрісу күні және Амал мерекесі сияқты халық үшін қастерлі әрі әлеуметтік орны ерекше дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығы туралы жазбаңызды жариялауға болады деп санаймыз.
Сондай-ақ, осы кезеңге жоспарланған Өзіңіздің қатысуыңызбен өткізілетін Ұлттық құрылтай отырысы мерекенің мәні мен мазмұнын арттыруға мүмкіндік береді.
14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымын жариялай отырып, Black Friday форматы бойынша сауда орындарында жаппай сатылымдар мен жеңілдіктер ұйымдастыруды, сондай-ақ, әуе және теміржол жолаушылар тасымалына жаппай жеңілдіктер жасау мүмкіндігін қарастыру жоспарланып отыр.
15 наурыз (жм.) – Қайырымдылық. Бұл күнді қайырымдылық, мейірім мен тату көршілік тақырыбына арнауды ұсынамыз.
Бұл күні «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту корпоративті қоры тарапынан әлеуметтік игі істер марафоны ұйымдастырылып, басына іс түскен азаматтарға нақты көмек беріледі.
Өңірлерде мұқтаж жандарға жеңілдетілген және әлеуметтік баспана кілттерін тапсыру, қарттар үйі, дағдарыс орталықтары, жетім балаларға арналған мекемелер мен көпбалалы отбасыларға арнайы барып, мерекемен құттықтау ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, айрықша көзге түскен меценаттарды, қайырымдылық ұйымдарының басшылары мен еріктілерді марапаттауға арналған салтанатты шаралар өтеді.
Ел бойынша жаппай өтетін мұндай іс-шаралар қоғамға қайырымдылық көрсету мәдениетін сіңіріп, жанашырлық пен өзара қол ұшын беру құндылықтарын қалыптастыруға себепкер болады.
Биыл Наурыз мейрамы мұсылмандар үшін қасиетті ай – Рамазанға тұспа-тұс келеді (11 наурызда басталады).
Осы орайда, Сіздің атыңыздан дәстүрлі ауызашар өткізіп, оған қарапайым қазақстандықтарды – ірі әулеттің ұйытқысы саналатын ақсақалдар мен талантты ұл-қыз тәрбиелеген көпбалалы аналарды, сондай-ақ, белгілі бір салаға өмірін арнап, айтарлықтай жетістікке жеткен еңбек адамдарын шақыруды ұсынамыз.
БАҚ пен әлеуметтік желілерде осы іс-шаралар туралы кеңінен хабар таратумен қатар қандай да бір қайырымдылық жасаған қазақстандықтардың сұхбаттары жарияланады.
16 наурыз (сн.) – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналады. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу бойынша дәстүрлі іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Мәдениет ұйымдарында мерекелік марафон – халықтың кең тараған салт-дәстүрлерінің (тұсаукесер, бесікке салу, беташар және т.б.) көрсетілімдерін өткізу ұсынылады.
Республика кинотеатрлары мен кинозалдарында ұлттық кино апталығы ұйымдастырылады. Телеарналар эфирінде «Наурызама» республикалық айтысы көрсетіледі. БАҚ-та шығармашылық зиялы қауымның тақырыптық сұхбаттары жарияланады. Еліміз бойынша қазақстандық авторлардың, суретшілердің, мүсіншілердің туындыларының көрме-тұсаукесерлері өтеді. Халық қолөнершілерінің жәрмеңкелері, ұлттық тағамдар фестивальдері, сондай-ақ, барлық қоғамдық тамақтану және сауда ұйымдарында ұлттық өнімдер мен тәттілер бар арнайы бөлімдер орнатылады.
17 наурыз (жк.) – Шаңырақ. Бұл күнді отбасы құндылықтарын дәріптеуге арнау ұсынылады.
Еліміз бойынша ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанаты өткізіліп, көпшілікке сыйлы ақсақалдар мен көпбалалы аналар «Наурыз бата» береді, жас жұбайларға, елге бақ-береке тілейді.
Барлық елді мекендерде 50 жыл отасқан отбасылар арасында «Алтын шаңырақ» және 25 жыл отасқан отбасылар арасында «Күміс кереге» атты байқаулар ұйымдастырылады. Байқау жеңімпаздары «Адал азамат» құндылықтарын бойына сіңірген өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасылар болуы шарт.
Балаларға арналған мерекелік дәстүрді бекітуге арнайы көңіл бөлуді ұсынамыз.
Атап айтқанда, әкімдіктер желісі бойынша жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз-базарлық» естелік сыйлықтарын табыстап, құттықтау ұйымдастыру ұсынылады. Сондай-ақ, Наурыз логотипі бар естелік сыйлықтар мен ұлттық тәттілерді табыстай отырып, түрлі танымдық, шығармашылық, спорттық іс-шараларды өткізуді осы күнге орайластыруға болады.
18 наурыз (дүйсенбі) – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде ұлттық киімдерді танымал етуге және сәнді киімдер көрсетілімі мен фестивальдерін өткізуге ерекше назар аудару ұсынылады.
Мерекелік атмосфераны құруға мейрамға арнайы орайластырылған ұлттық костюм күндері ықпал етуге тиіс. Сондай-ақ, атаулы күннің тақырыбы мен ерекше ұлттық сәнді дәріптеу үшін танымал мәдениет қайраткерлерінің, әртістердің, спортшылардың, блогерлердің және т.б. қатысуымен «Ұлттық киім күні» тақырыптық челленджін бастау ұсынылады.
19 наурыз (сс.) – Жаңару. 2019 жылы дәл осы күн еліміздің жаңа тарихында мемлекет пен қоғамда түбірлі өзгерістер басталған бетбұрысты сәтке айналды.
Бұл тұрғыда «Наурыз – елдің заманауи тарихындағы ауқымды өзгерістерге жол ашқан жаңа саяси кезеңнің бастауы» деген идеологеманы бекіту үшін сарапшылар тарапынан кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізілуі қажет.
Осы орайда, Өзіңіздің қатысуыңызбен көктемгі ағаш егу дәстүрін өткізіп, оны қоғамдық санаға жаңа саяси мәдениетті сіңірумен байланыстыру және оған «жаңа көшеттер – жаңа идеялар – мемлекет дамуындағы жаңа кезең» деген мән беріп, негіздеу ұсынылады.
20 наурыз (ср.) – Ұлттық спорт. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Ел ішінде өткізілетін ат жарыстар (бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу), құсбегілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту т.б. турнирлері қарапайым азаматтардың шынайы мереке салтанатын сезінуіне мүмкіндік береді.
Ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықтың артуын, сондай-ақ, биыл өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңыздылығын ескере отырып, бәйгеден Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы арнайы сыйлығын тағайындау ұсынылады.
Бұл бәйгенің көшпелі өркениеттің бірегей мұрасы ретіндегі қастерлі мәртебесін жоғары деңгейде айшықтап, оны наурыздың күн тәртібіндегі басты оқиғалардың бірі етуге арналған.
21 наурыз (бс.) – Ынтымақ. Бұл күннің символдық және біріктіруші мәні – Өзіңіздің қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен бейне құттықтауыңыз болмақ.
Бұдан әрі күн тәртібін жалпыұлттық телемарафон жалғастырады. Оның аясында барлық өңір тұрғындарының, соның ішінде шетелде тұратын қандастардың құттықтау мерекелік эстафетасын тікелей эфирде іске қосу жоспарлануда.
Сондай-ақ, 21 наурызда Астана қаласында Сіздің «EXPO» халықаралық көрме орталығында орналасқан этноауылға баруыңызды ұйымдастыру ұсынылады.
Күні бойы мұнда жақын және алыс шет елдердің (Түркия, Иран, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан) жетекші шеберлерінің қатысуымен қолөнершілер жәрмеңкесі жұмыс істейтін болады. Бағдарламада, сондай-ақ, мерекелік концерттер, ұлттық спорт түрлері бойынша бұқаралық жарыстар, шығармашылыққа арналған open space аймақтары (сурет салу, қыш жасау өнері, домбырада ойнау, қобыз, балаларға арналған мүсін жасау және т.б.), ұлттық тағамдардың гастрофестивалі және т.б. қарастырылған. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін шығыс базары жұмыс істейтін болады.
22 наурыз (жұма.) – Жыл басы. Бұл күні мерекелік атмосфераны жасауға бұқаралық іс-шаралар мен халықтық мерекелер ықпал етеді. Барлық жерде стильді этноауылдар мен мерекелік жәрмеңкелер өз жұмысын бастайды.
Бұған қоса, әр қалада, әр ауылда «Наурыз нақышымен безендірілген ең тартымды үй», «Ең таза подъезд», «Наурыз стилімен безендірілген ең әдемі көше» т.б. халықтық байқаулар өткізіліп, жеңімпаздар марапатталады.
23 наурыз (сб.) – Тазару. Наурызнаманың қорытынды күні жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өткізуді ұсынамыз.
Өңірлер арасында «Тазалық эстафетасын» бастап, суат көздерін, аулаларды қардан және қоқыстан, оның ішінде мерекеден кейінгі қалдық заттардан тазалау іс-шаралары ұйымдастырылады.
Осы тұжырымдаманы Өзіңіз мақұлдаған жағдайда, оны мазмұндық және ұйымдастырушылық тұрғыда жоғары деңгейде жүзеге асыруға қажетті барлық шаралар жасалады.
Шешім қабылдау үшін енгізіліп отыр.
/public/files/2024/3/15/150324_103852_prezentaciya.pdf