16 наурыз (сн.) – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналады. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу бойынша дәстүрлі іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Мәдениет ұйымдарында мерекелік марафон – халықтың кең тараған салт-дәстүрлерінің (тұсаукесер, бесікке салу, беташар және т.б.) көрсетілімдерін өткізу ұсынылады.
Республика кинотеатрлары мен кинозалдарында ұлттық кино апталығы ұйымдастырылады. Телеарналар эфирінде «Наурызама» республикалық айтысы көрсетіледі. БАҚ-та шығармашылық зиялы қауымның тақырыптық сұхбаттары жарияланады. Еліміз бойынша қазақстандық авторлардың, суретшілердің, мүсіншілердің туындыларының көрме-тұсаукесерлері өтеді. Халық қолөнершілерінің жәрмеңкелері, ұлттық тағамдар фестивальдері, сондай-ақ, барлық қоғамдық тамақтану және сауда ұйымдарында ұлттық өнімдер мен тәттілер бар арнайы бөлімдер орнатылады.