17 наурыз (жк.) – Шаңырақ. Бұл күнді отбасы құндылықтарын дәріптеуге арнау ұсынылады.
Еліміз бойынша ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанаты өткізіліп, көпшілікке сыйлы ақсақалдар мен көпбалалы аналар «Наурыз бата» береді, жас жұбайларға, елге бақ-береке тілейді.
Барлық елді мекендерде 50 жыл отасқан отбасылар арасында «Алтын шаңырақ» және 25 жыл отасқан отбасылар арасында «Күміс кереге» атты байқаулар ұйымдастырылады. Байқау жеңімпаздары «Адал азамат» құндылықтарын бойына сіңірген өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасылар болуы шарт.
Балаларға арналған мерекелік дәстүрді бекітуге арнайы көңіл бөлуді ұсынамыз.
Атап айтқанда, әкімдіктер желісі бойынша жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз-базарлық» естелік сыйлықтарын табыстап, құттықтау ұйымдастыру ұсынылады. Сондай-ақ, Наурыз логотипі бар естелік сыйлықтар мен ұлттық тәттілерді табыстай отырып, түрлі танымдық, шығармашылық, спорттық іс-шараларды өткізуді осы күнге орайластыруға болады.